Қазақстан мен Түркия кәсіпкерлері 472,6 млн долларға меморандум бекітті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Түркия кәсіпкерлері 472,6 млн долларға меморандумдар мен келісімдер бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан-түрік бизнес форумының қорытындысы бойынша тараптар агроөнеркәсіптік кешен, денсаулық сақтау, машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, логистика және туризм саласындағы жобаларды іске асыру бойынша 10 құжатқа қол қойды.

Олардың арасында Алматы қаласында екінші фармацевтика зауытын салу туралы келісім, Нұр-Сұлтан қаласында Медициналық және индустриялық респираторлар шығаратын зауыт туралы келісім, Алматы қаласындағы автожолдарға арналған металл болат конструкцияларын өндіру зауыты келісімі және Нұр-Сұлтан қаласында сауда, ойын-сауық орталығын салу туралы келісім бар.

«Түркия мен Қазақстан – бекем байланыстары бар бауырлас екі халық, сонымен қатар діни және тілдік құндылықтарымыз да бар. Екі ел арасындағы достық байланыстар барлық жағынан дамып келеді. Бүгінгі кәсіпкерлеріміз бекітетін келісімдер экономикалық ынтымақтастығымыздың механизмдерін одан әрі нығайтатынына сенеміз. Қаңтар оқиғалары кезінде де осы ынтымақ-бірлігіміздің іргесі сөгілмейтінін көрдік. Әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ жобалар жалғаса береді деп ойлаймыз», - деді Түркия Республикасының вице-президенті Ф. Октай «Rixos President Astana» қонақ үйінде өткен Қазақстан-Түркия бизнес-форумында.

Өз сөзінде Фуат Октай Түркия әлемдегі үлкен экономикалардың бірі екенін атап өтті.

«Пандемия кезінде Түркия мемлекеттік салада, жеке салада да экономикасын әрі қарай жалғастыра берді. Біздің экономикамыз 11 пайызға дамып, соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Біздің экспорттық үлесіміз де жақсы дамып келеді. Түркияның экспорты соңғы 21 жыл ішінде алғашқы рекордтық деңгейге жетті. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 56 млрд долларға артып, 225 млрд долларға жетті. Сыртқы саудада да көрсеткіштер 2021 жылы шамамен 500 млрд долларға жетті. Қазақстанда көршілес елдермен салыстырғанда мықты нарық орталығы болуға әлеуеті бар. Осы мүмкіндікті жақсы пайдалану керек», - деді Түркия Республикасының вице-президенті.

Оның айтуынша, Қазақстанда түрік фирмалары дайын киімнен дәрі индустриясына дейін түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді.

«Түрік мердігерлері Қазақстанда 27 млрд доллар деңгейінде 508 жобада өз қолтаңбасын қалдырған. Каспий теңізінде 750 млн долларлық жоба бар, 650 млн долларлық Экспо ғимаратының жобасы, одан басқа «Ақтоғай Мыс» кешені секілді үлкен жобарларда мердігерлік жасады. Оған қоса 11 ай секілді қысқа ғана уақытта аяқталған Түркістан халықаралық әуежайы бар. Бұлар да толықтай түрік инвестициясы арқылы жүзеге асты. Қаңтар оқиғаларынан кейін де Қазақстандағы түрік фирмаларының ынтымақтастығы сенімді түрде жалғасып жатыр. Осы мәселеде инвесторлар мен инвестицияларды қорғауға Қ. Тоқаев берген кепілдемелері де үлкен маңызға ие. Сондықтан Қазақстанға түрік кәсіпкерлері атынан алғысымды білдіргім келеді», - деді Ф. Октай.

Айта кетейік, елордада Түркия Республикасының Вице-Президенті Фуат Октай мырзаның Қазақстан Республикасына сапары шеңберінде Қазақстан- Түркия бизнес-форумы өтіп жатыр. Пандемияға қарамастан үшінші жыл қатарынан Қазақстанға Түркиядан рекордық көлемде инвестициялар салып келеді.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан-Түркия бизнес-форумында бірлесіп жұмыс істеуге тиімді болатын бірқатар саланы атаған еді.


Соңғы жаңалықтар