Қазақстан мен Түркия бірлесіп вакцина әзірлеу туралы келісімге қол қоймақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Түркия денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге ниетті. Тараптардың бұл бағыттағы жоспары баяндалған келісім құжаты «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты теңдік және өзара пайда қағидаттарын негізге ала отырып жетілдіреді және нығайтады», - делінген құжатта.

Келісімде жазылғандай, тараптар мына бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттыруға мүдделі:

- пандемияны қоса алғанда, инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен күрес;

- медицина жұмыскерлерін оқыту мен олардың біліктілігін арттыру және ана мен бала өлімін болғызбау үшін жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бағдарламаларын әзірлеу;

- Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Түркиядағы Жоғары білім кеңесінің арасында оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын жүзеге асыруға байланысты жәрдемдесуді қамтамасыз етеді;

- мемлекеттік медициналық ұйымдардың ауруханаларын басқару жүйесі;

- денсаулық сақтау статистикасын жақсарту;

- медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы және денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу;

- мейіргерлік қызмет бойынша ынтымақтастық;

- фармацевтикалық қызмет, медициналық бұйымдар, жабдықтар және вакциналарды әзірлеу саласындағы ынтымақтастық, ақпарат пен тәжірибе алмасу;

- денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы әзірлеуде білім мен тәжірибе алмасу;

- тәжірибе алмасу және бірлескен қызметті одан әрі дамыту мақсатында сарапшылар мен денсаулық сақтау жұмыскерлерімен алмасуға ерекше назар аудара отырып, өз ұйымдарының арасындағы тікелей ынтымақтастықты өзара нығайту;

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын, Ислам ынтымақтастық ұйымын және Түркі Мемлекеттері ұйымын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық;

- мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қоса алғанда, әртүрлі инвестициялық модельдер шеңберінде денсаулық сақтауға инвестициялар саласында және ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу, әзірлеу, енгізу және тәжірибе алмасу;

- мемлекетердің цифрлық денсаулық сақтау саласындағы озық практикасын қолдану және дамыту.

Осы ынтымақтастық аясында тәжірибе алмасу үшін екі ел мамандарына кездесулер, бизнес-форумдар, көрмелер, конгрестер ұйымдастырылады. Оған қатысуға баратын тарап өз делегациясының шығындарын толық өтейді.

«Келісім 5 жыл бойы күшінде қалады. Егер тараптардың біреуі екінші тарапты өзінің осы келісімнің қолданысын тоқтатуға ниеті туралы ол аяқталғанға дейін алты 6 ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпесе, осы келісім келесі 1 жылға автоматты түрде ұзартылады», - деп жазылған келісім жобасында.

Құжат 18 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін екі елдің Үкімет басшыларына жолданады.


Соңғы жаңалықтар