Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық диалог жалғасуда

None
None
АНКАРА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы парламентаралық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және тереңдету мақсатымен үстіміздегі жылдың 11-12 наурызында ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижановтың жетекшілігімен қазақстандық делегацияның Анкара қаласына жұмыс сапары басталды.

Сапар барысында қазақстандық делегация Қазақстан-Түркия достығы парламенттік тобының төрағасы, Түркия Республикасының биліктегі Әділет және даму партиясының Бас хатшысы Халык Ипекпен кездесті, белгілі қазақ композиторы М.Төлебаевтың Түркиядағы жылын салтанатты ашу шарасына қатысты және Қазақстанның ТР-сындағы Елшілігі тарапынан қазақ және түрік тілдерінде шығарылған «Қазақстан-Түркия: достық пен ынтымақтастықтың 20 жылы» атты кітабын таныстыру шарасына қатысты.

А.Бижановтың Х.Ипекпен кездесуі кезінде қазақстандық делегация басшысы түрік парламентариін Қазақстанның ішкі саясатындағы өзекті мәселелерден хабардар етіп, еліміздің экономикалық және әлеуметтік салаларының даму барысымен таныстырды. Экономикадағы табыстарды және ҚР-сының экономикалық саясаты әлеуметтік сипатта екендігін атап өтті. Тіпті, дағдарыстың өршіп тұрған кезеңінде де ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ел Үкіметін Қазақстан халқының әлеуметтік жақтан қорғалмаған бөлігін демеу курсын өзгертпеуге бағыттағанын айрықша атады. Бұл саясат мемлекет басшысының бастамасы бойынша ҚР Ұлттық қорын құрудың арқасында мүмкін болды. Қорда жинақталған қаржы сыртқы факторлар мен әлемдік бағалар конъюнктурасының жағымсыз ықпалын төмендете отырып, дағдарыс кезеңінде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп келеді. Бұған қоса, Ұлттық қорды құру әлемдік экономикадағы қазіргі сәттегі жағымсыз процестерге орайласа әрекет ету үшін құрылып қана қойған жоқ, Қордың стратегиялық мақсаты болашақ қазақстандық буын үшін қаржы жинақтау болып табылады. А.Бижанов сонымен қатар, ҚР Президентінің «Қазақстан - 2050 Стратегиясы» Жолдауында аталып өткен ҚР стратегиялық бағдарламасы туралы ақпарат берді. Әлеуметтік және экономикалық мәселелер Жолдаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан алдына әлемнің алғашқы қатардағы 30 экономикасы қатарына кіру мақсатын қойды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту Жолдаудағы басымдықтарға кіргендіктен, қазақстандық сенатор Түркияның осы саланы өркендету тәжірибелеріне қатысты қызығушылық білдірді.

Өз кезегінде, Х.Ипек қазақстандық делегацияны 10 жылдан астам уақыт бойы билікте тұрған Әділет және даму партиясы үкіметінің экономикалық және әлеуметтік саясаты турасында хабардар етті. Экономика және әлеуметтік салаларда ұқсас міндеттер партияның 2023 жылға дейінгі бағдарламасында алға қойылған (Түркия Республикасының 100 жылдығы). Түркияның Ұйымдасқан өндіріс аймақтарына ұқсас Қазақ-түрік өндірістік аймақтарын Қазақстан Республикасының барлық облыстарында құру үшін ҚР ТР-сындағы Елшісі Ж.Түймебаевтың мақсатты түрде жұмыс істеп жатқандығын атап айтты. Ұйымдастырылған өндірістік аймақтар мемлекеттің қолдауымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың нақты көрінісі болып табылады. Түркия тәжірибесі аймақ бойынша көрші елдер үшін ғана емес, дамыған еуропалық мемлекеттер үшін де қызығушылық танытып отыр.

Аз ғана тарихи мерзім ішінде аймақ лидері және басшысы Н.Назарбаевтың пікірлеріне әлемдік державалар құлақ салатын жағдайға жеткен бауырлас Қазақстанның қарқынды дамуы «арнайы зерттеуді қажет ететін феномен», деп атап өтті түрік саясаткері.

Тараптар парламентаралық және партияаралық байланыстарды дамыту мен тереңдету, екі туыс мемлекеттің одан әрі саяси және экономикалық дами түсуі жолында еңбек ету турасында ортақ байламға келді.

Соңғы жаңалықтар