Қазақстан мен Түркия арасындағы кедендік рәсімді оңтайландыру: тауар жайлы ақпарат 3 сағатта жетеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Jibek Joly» телеарнасының Мәжілістегі студиясында қонақта болған депутат Самат Мұсабаев Қазақстан мен Түркия арасындағы кедендік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған заң жобасын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заң әрине, алдын ала ақпарат алмасу және осы кедендік рәсімдерді тездету, жеңілдетуге негізделген. Бұрын қалай болып еді? Тауар алынғаннан кейін ол жақта қағаз жүзінде декларация толтырылады. Ол бізге тауардан кейін бірнеше айдан соң келуі мүмкін. Ішінде баға, әріп қатесі кетуі ықтимал. Сондықтан кедендік рәсімдеу кезінде біздің кәсіпкерлерге қиындық туындайтын. Енді қалай болады? Тауар ол жақтан шыққан уақыттан бастап, ақпарат алмасу басталады. Яғни, тауар Түркиядан Қазақстанға жеткенше, ақпарат келіп тұрады», - деді Мәжіліс депутаты.

Алдын ала және жедел ақпарат алмасу үшін мемлекеттік органдар тарапынан арнайы бағдарламалар қолданылуы мүмкін. Самат Мұсабаевтың айтуынша, ол үшін бюджеттен қаражат талап етілмейді.

«Бұрын 45 күн, тіпті одан да асып кететін еді тауар туралы ақпарат. Енді ол мәлімет 3 сағаттан 1 тәулікке дейін жетеді. Мұндай жүйе Өзбекстан, Қытай, Иран, Вьетнам елдерімен арада орнаған. Бұл импортқа да, экспортқа да тиімді заң болады деп есептеймін. Ол тауар тасымалдайтын кәсіпкерлер үшін кедендік рәсімдерді өту кезінде тиімді болмақ. Ол үшін пилоттық жоба жүргізіледі. Ол 6 айға жоспарланған», - деп түсіндірді Самат Мұсабаев.

Сондай-ақ, ол Түркия мемлекеті Қазақстанның ең ірі сауада серіктестерінің арасында үшінді орында екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар