Қазақстан мен Түркия арасында сотталған адамдарды беру туралы Келісімге қол қойылды

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 4 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаевтың Түркия Республикасына сапары болып өтті. Сапар аясында А. Дауылбаев Анкарада Түркия Республикасының Әділет министрі Садуллах Эргинмен және Бас прокуроры Хасан Эрбильмен келіссөздер жүргізді.

Әділет министрімен кездесу барысында, тараптар екі ел арасында қалыптасқан екіжақты қарым-қатынас деңгейіне қанағаттанатындықтарын білдірді және ынтымақтастықтың болашағын одан әрі дамыту туралы пікір алысты. Тараптар халықаралық және аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша заманауи стратегиялық міндеттерді бірлесіп шешудің өзектілігі артқандығын атап өтті.

Кездесу соңында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасында сотталған адамдарды беру туралы Келісімге қол қойылды.

Қазақстанның Бас Прокуроры аталмыш келісімге қол қою рәсімінен кейін өткен баспасөз мәслихатында қол қойылған мемлекетаралық Келісім екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын күшейтуге бағытталғанын және қылмыстылыққа қарсы күрес пен заңдылықты қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіп жұмысына маңызды үлес болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, А. Дауылбаев осы тектес құжатқа қол қою Қазақстанның құқықтық жүйесіне деген сенімнің өсіп келетіндігіне дәлел екендігін және елімізде адам құқықтары мен бостандықтары бойынша жалпыға бірдей танылған стандарттарының құрылуын атап өтті.

Сапар барысында Қазақстанның Бас Прокуроры Түркия Республикасының Бас прокуроры Хасан Эрбильмен кездесті. Кездесу кезінде тараптар аумақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасып, трансұлттық қылмыстың алдын алу мен болдырмау әрекеттерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар қол қойылған Келісімдерді жүзеге асыру жұмыстары, екі ел қадағалау органдарының қалыптасуы мен дамуы жөнінде ақпарат алмасты, сонымен қоса екіжақты ынтымақтастық болашағын талқылады.

Соңғы жаңалықтар