Қазақстан мен Түркі мемлекеттері бірыңғай цифрлық экожүйені дамытуға ниетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – IT-саланы дамыту, түркі әлемінің бірлігін нығайту бойынша жаңа цифрлық бастамаларды енгізу мәселелері, IT-қоғамдастық алдында тұрған артықшылықтар мен сын-қатерлер Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) хатшылығымен және ТМҰ-ға қатысушы елдердің цифрлық министрліктерімен өткен панельдік сессияда талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Панельдік сессия жыл сайынғы Digital Bridge – «Central Eurasia as a new tech platform» - «Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде» халықаралық технологиялық форумы шеңберінде өткізілді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин озық тәжірибемен алмасу және цифрландыру саласында серпінді жобаларды құру үшін технологиялық компаниялардың серіктестік қатынастарына жәрдем көрсету арқылы түркі елдерінің өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастығын орнату қажеттігін айтты.

«Біз, әрине, ақпараттық қауіпсіздіктің және мемлекеттер қорғайтын деректерді таратпаудың барлық талабын ескере отырып, ақпараттық жүйелердің мемлекетаралық интеграциясы туралы салмақпен ойлануымыз қажет. Біздің түпкі мақсатымыз азаматтарымыздың, бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын неғұрлым қарапайым және адамдарға бағдарланған ету болуы тиіс», - деді Бағдат Мусин.

Өз кезегінде ТМҰ бас хатшысы Бағдад Әміреев ТМҰ-ның сауда мен инвестициялардан бастап, кеден және көлік секторларында бизнес-қоғамдастықтар үшін көпжақты электрондық сауда платформасын құруға дейінгі барлық әлеуетті салаларда цифрлық трансформацияны ілгерілетуде үлкен әлеует барына сенім білдірді.

Іс-шара барысында ТМҰ-ға қатысушы елдердің цифрлық министрліктерінің басшылары өзара бастамаларды іске асыруға әзір екендіктерін білдірді.

Панельдік сессия барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ТМҰ хатшылығы арасындағы түркі елдерінде IT-саланы дамыту саласындағы ниеттер туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Шараға сондай-ақ ТМҰ бас хатшысының орынбасары М. Азимов, Түркия Республикасының Индустрия және технологиялар министрі М. Варанк, Өзбекстан Республикасының Ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрі Ш. Шерматов, Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік вице-министрі Ф. Ахмедов, ІТ-технопарктер мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар