Қазақстан мен Түрікменстан азаматтық қорғаныс саласында өзара көмектің талаптарын нақтылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған келісімге 2021 жылғы 25 қазанда Ашхабадта қол қойылды. Келісімнің мақсаты - Қазақстан мен Түркіменстанның азаматтық қорғау саласындағы ынтымақтастығы бағытында құқықтық база құру.

Келісімде екі елдің азаматтық қорғаныс, апат немесе өзге де зілзала жағдайында ерікті және өзара көмек көрсету жөніндегі мамандарды оқыту саласындағы өзара іс-қимылы айқындалады.

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтің айтуынша, екі елдің біреуінің аумағында төтенше жағдай болған кезде, бірлескен іс-қимылдың арқасында осы келісім ережесі іске асырылады.

«Аталған келісім елдердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге, халыққа қауіп төнген кезде тиісті әрекеттерге дайындау саласында тәжірибе алмасуға, мемлекеттердің оқу орындарында азаматтық қорғау саласында мамандар даярлауды жүзеге асыруға, ақпарат алмасуға, сондай-ақ төтенше жағдайға қатысты көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы теріс салдарға әкеп соқпайды және қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілісте төтенше жағдай кезінде Өзбекстанмен арада көмек көрсету туралы құжат мақұлданды.

Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар