Қазақстан мен Тәжікстанның жылдық сауда айналымы 1,4 млрд долларға жеткен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Тәжікстан арасында түрлі салада 100-ден астам келісімшарт жасалған. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоновпен Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейлерде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз бірқатар халықаралық құрылымдар шеңберінде өзара іс-қимыл жасап келеміз. Орталық Азияда тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырмыз. Екі арада әр түрлі саладағы 100-ден астам астам келісімшартты қамтитын салмақты келісім-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім маңыздың келісімдермен толыға түспек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көптеген жыл бойы Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі болып келе жатқанын еске салды.

«Біздегі деректер бойынша, былтырдың өзінде өзара сауда көлемі 1 млрд 400 млн доллар болды. Екіжақты күн тәртібін ілгерілетуге экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның, сондай-ақ тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс тобының қызметі елеулі үлес қосып отыр. Олардың жұмысы қазақ-тәжік іскерлік кеңесін тиімді толықтырады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі басталды.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.

Ал, 3 мамырда Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар