Қазақстан мен Тәжікстан азаматтары екі ел арасында 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Тәжікстан азаматтары бір-бірінің елінде 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алады. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме жасау барысында Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекетаралық қарым-қатынас ресми тұлғалардың немесе қарапайым азаматтардың деңгейі болса да адамдар арасындағы байланысқа негізделеді. Осы тұрғыда тараптар азаматтарының бір-бірінің аумағында болу тәртібі туралы келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өткім келеді. Ендігі уақытта біздің азаматтарымыз бір-біріне сапарлаған кезде тарап аумағында тіркеусіз 30 күнге дейін, ал тіркеумен 90 күнге дейін бола алады», - деді Эмомали Рахмон.

Қазақстан Президенті де бүгінгі күні екі елдің арасында 80  келісімшарт пен құжатқа қол қойылып, айтарлықтай құқықтық келісімшарт базасының қалыптасқанын баса айтты.

«Бүгін сіздердің алдарыңызда біздің азаматтарымыздың екі елдің аумағында болу мәселелерін құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Бұл құжаттар халықтарымыз бен елімізді одан ары жақындастыра түсуге қосымша серпін береріне сенемін», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай , ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Тәжікстан Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода екі ел Үкіметтері арасындағы реадмиссия мен оны іске асыру тәртібі, екі ел азаматтарының Қазақстан мен Тәжікстан аумақтарында болу тәртібі және көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді рәсімдеген болатын.

Фото: www.ng.ru

Соңғы жаңалықтар