Қазақстан мен SPECA елдері арасындағы тауар айналымы 4,8 млрд долларға жетті
2021 жылғы 20 қараша 02:18

Қазақстан мен SPECA елдері арасындағы тауар айналымы 4,8 млрд долларға жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың 9 айында Қазақстан мен SPECA елдері арасындағы тауар айналымы 4,8 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда 27,3 пайызға жоғары көрсеткіш. Бұл жайында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров «Пандемиядан кейінгі жасыл және инклюзивтік экономиканы дамыту үшін тұрақты көлік және сауда» SPECA 2021 экономикалық форумында мәлім еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вице-министр бүгінде Қазақстанда SPECA елдерінің 4 400 компаниясы және 800 бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейтінін атап өтті. Соңғы 10 жылда SPECA отандық экономикаға $210,7 млн инвестиция салды. Министрдің орынбасарының айтуынша, Қазақстан жаһандық трендтерден тыс қалмайды және «жасыл экономикаға» көшу іс-шараларын қабылдауда. 2013 жылы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама қабылданып, «жасыл» өсуге қол жеткізу және экономиканы терең көміртексіздендіру үшін экономиканы дамытудың ұзақмерзімдік нұсқаларын қамтитын 2060 жылға дейінгі Төменкөміртектік даму стратегиясы әзірленуде», - делінген ҰЭМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ведомство мәліметінше,халықаралық форум барысында Қазақстан Тұрақты хатшылық мекемесі арқылы SPECA бағдарламасын реформалау мен бекітуді ұсынды. Ол SPECA-ның БҰҰ-ның басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдарымен негізгі бағыттар бойынша тиімді әрі жедел өзара іс-қимылын құруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 1997 жылы БҰҰ әзірлеген SPECA бағдарламасы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылды. Қазіргі уақытта оны жүзеге асыруға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Ауғанстан елдері қатысуда. Ал СПЕКА-ның мақсаты - аталған елдердің өзара ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал ету, экономикалық дамуды ынталандыру және олардың Еуропа және Азия елдері экономикасы интеграциясына жәрдем ету.


Jańalyqtar

MURAǴAT