Қазақстан мен Словенияның бас бапкерлері матч жайында пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысындағы Қазақстан - Словения кездесуінен кейін бас бапкерлер ойын жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.

Ел құрамасынан 24-минутта Максим Самородов гол соқса, оған қарсыластар қатарынан Давид Брекало 47, Жан Випотник 78-минутта екі голмен жауап қайырды.

«Жартылай қорғаныста қарсыластарға төтеп беруге тырыстық. Бұл жедел шабуылға шығуға мүмкіндік береді. Кей сәттерде ойлағанымыз жүзеге асты. Бірінші кезеңнің соңына таман қарсыластар тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Екінші кезең басталған сәтте стандарттан өз қақпамызға гол жіберіп алдық. Енді алдағы ойынға дайындық жүргіземіз. Ешқандай демалыс жоқ. Ойыншыларға алдағы ойынға дайындық басталатынын айттым. Бізде ешқандай уақыт жоқ. Енді алдағы қарсыластың ойынын қарайтын боламыз. Бапкерлер соған байланысты сараптама жасайды. Ертеңге дайындықта алдағы кездесуде негізгі құрамда шығатын ойыншылар анықталады», - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.

Ал Словения құрамасының бас бапкері Матьяж Кек өз сұхбатында шәкірттерінің ойынына риза екенін жеткізді.

«Бастысы, үш ұпайға ие болдық. Кездесу оңайға соққан жоқ. Бірінші кезеңде біздің ойынымыз нашар өрбіді. Ойын бәсең жүрді. Ешқандай қауіпті болған жоқ. Біз ойынды жүйелеуге тырыстық. Ойлағанымыз жүзеге аспады. Бізде қосалқы құрамда мықты футболшылар бар екенін кездесу көрсетті. Негізгі құрам ойыншыларын алмастырған футболшылар бес минут ішінде жасыл алаңда өздерін көрсетті. Бұл - олардың тарапынан жақсы реакция. Мінез, ынта, сенім ойын барысын өзгертті. Жасанды алаң жағдайы және ұшақпен ұзаққа созылған сапарымызды есептегенде бүгінгі ойынға жоғары баға беремін», - деді ол.

Енді Қазақстан құрамасы өз алаңында ендігі ойынын 26 наурызда Данияға қарсы өткізсе, сол күні Словения Сан-Мариноны қабылдайды.

Қос құрама сынға түсетін H тобында бүгін Дания - Финляндия, Сан-Марино - Солтүстік Ирландия құрамалары шеберлік байқасады.

Фото: wikipedia

Соңғы жаңалықтар