Қазақстан мен Сингапур арасында бірқатар келісімшартқа қол қойылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Сингапурға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Б.Сағынтаев Қазақстан - Сингапур бизнес-форумына қатысып, осы елдің Үкімет басшысы Ли Сянь Лунмен кездесті. Сонымен қатар, жетекші инновациялық компаниялармен Қазақстан экономикасын үшінші жаңғырту аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Бұдан өзге, бірқатар нысанды аралады. Олардың қатарында HDB тұрғын үй құрылысы кеңсесі, А*Star ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігі, Biopolis ғылыми-зерттеу орталығы, Fusionopolis стартап-хабы, сондай-ақ Modelfactory@SIMTech зауыты бар.

Қазақстан - Сингапур бизнес-форумына екі елдің іскерлік орталарының 500-ге жуық өкілі, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты. Іс-шара аясында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан мен Сингапурдың бизнес құрылымдарының өзара іс-қимылының басым бағыттарын дамыту және перспективалық инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.    

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Құбылмалы Еуразиядағы Қазақстанның рөлі» пленарлық сессиясында сөз сөйлеу барысында, Сингапурдың Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы аса маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің біріне айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібі, сауда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс және қаржы салаларында бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Сонымен қатар, бизнес-форумның қатысушыларына Қазақстанға инвестиция салудың жаңа мүмкіндіктері туралы мәлімет берілді. Инновациялар, көлік және логистика, тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін және шикізаттық емес экспортты дамыту бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытудың әлеуеттері аталып өтті.

Қазақстан Үкіметі сингапурлық компанияларды белсенді ынтымақтастық орнатуға, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға, оған қоса, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды. 

Бұдан өзге, форум барысында АХҚО Әкімшілігінің басқарма төрағасы Н. Құсайынов, «Зерде» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Дүрмағамбетов, «Kazakhstan Asia Pacific Trade and Investment Chamber (KAPTIC)» президенті О. Жиенқұлов, «Kazakh Іnvest» ҰК басқарма төрағасы С. Тұяқбаев, АХҚО Халықаралық сот және Халықаралық арбитраж орталығының бас директоры Кристофер Кэмпбел-Холт, АХҚО Әкімшілігінің банкинг бойынша басшысы Хайнер Р.Т. Хартвич, Paladigm Capital Pte Ltd басқарма төрағасы Д. Қарасаев, Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Е. Тәтішев сөз сөйледі.

Өз кезегінде, сингапур тарапынан спикер ретінде Сингапурдың құрметті министрі, бұрынғы Премьер-Министрі Го Чок Тонг, Сингапур Республикасының сауда және индустрия жөніндегі аға мемлекеттік министрі Ко По Кун, Singapore Cooperation Enterprise басқарма төрағасы Конг Ви Мун, Оңтүстік-Азия зерттеулері институтының (ISAS) бас ғылыми қызметкері, Сингапур ұлттық университеті, Бангладештің бұрғынғы сыртқы істер министрі Д-р Ифтехар Ахмед Чоудхури, Meinhardt Group басқарма төрағасы Шахзад Насим, Food Empire басқарма төрағасы Тан Ванг Чу, CG Corp Global атқарушы директоры Варун Чаудхури сөз сөйледі.

Өзара іс-қимылды тереңдету перспективалары «Қазақстан - Сингапур іскерлік ынтымақтастығының әлеуетін зерделеу», «Қазақстандағы инвестициялар: тетіктер және тәжірибе» атты тақырыптық сессияларының аясында талқыланды. Бұдан өзге, форум алаңдарында Road Show және бірқатар іскерлік екіжақты кездесулер өткізілді.

Бизнес-форум соңында инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ АКТ және қаржы технологиялары, құрылыс, білім, мұнай-газ химиясы және тамақ өнеркәсібі салаларындағы Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған құжаттарға қол қойылды.

Қорытынды құжаттар:

Қазақстан Республикасының және Сингапур Республикасының Үкіметтері арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелеріне визалық талаптардан өзара босату шарттары туралы келісім;

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Сингапурдың ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен CRIMSONLOGIC PTE LTD арасындағы Open Trade Blockchain өнімін енгізу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен ENTERPRISE SINGAPORE BOARD арасындағы венчурлық қаржыландыру саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, ABC-I2BF Seed Fund ЖШС және PALADIGM CAPITAL PTE. LTD арасындағы венчурлық қор құру ниеті туралы меморандум;

«Кредит24» ЖШС және POCKET MONEY PTE. LTD арасындағы қаржылық қызметтер үшін технологияларды және бағдарламалық шешімдерді бірлесіп дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және Singapore Cooperation Enterprise арасындағы тұрғын үй құрылысы және қолжетімді баспана саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

«Kazakh Invest» АҚ және International Cement Ltd, Alacem LLP арасындағы Алматы облысында цемент зауытын құрастыру жобасын іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

«Kazakh Invest» АҚ және KinderWorld International Group Ltd. арасында ҚР-да 12 жылдық бағдарлама бойынша мектепке дейінгіден бастап орта мектепте білім беруге дейін Сингапур білім беру орталығын ашу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

«Kazakh Invest» АҚ және Pegasus Education Group Pte. Ltd арасындағы ҚР-да орта кәсіптік білімнен жоғары білімге дейін Сингапур білім беру метрополисін ашу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

«Kazakh Invest» АҚ және WESTGASOIL PTE. LTD арасындағы метанол және олефиндер шығару зауытының құрылысы жобаларын сүйемелдеу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

«Kazakh Invest» және CG FOODS GLOBAL Pte. Ltd, Lotus Food LLP арасындағы жылдам дайындалатын кеспе шығару жобасын іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

Бұдан бөлек, жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев Сингапур Премьер-Министрі Ля Сянь Лунмен кездесу өткізді. Әңгіме барысында сыртқы сауда айналымының оң динамикасы атап өтілді: өткен жылдың қорытындылары екіжақты тауар айналымының 35% артуын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды одан әрі ұлғайту үшін зор әлеуеттің бары атап өтілді. Атап айтқанда, инновациялар және АТ, көлік және логистика, индустрияландыру, құрылыс, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастық орнатуға болады.

Тараптар елдер арасында цифрландыру, «ақылды қалаларды» ілгерілету, инновациялық желі құру мен киберқауіпсіздікті дамыту бойынша ынтымақтастық орнату үшін ашылып отырғаны кең мүмкіндіктердің міндеттерін айқындады. Б. Сағынтаев ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тарихи тұрғыдан Қазақстан Президенті Н. Назарбаев пен Сингапурдың негізін қалаған тұлға Ли Куан Юдің жеке достығына негізделген екі ел арасында орнаған жылы қарым-қатынас та, халықаралық мәселелер мен әлемдік дамуға қатысты тәсілдерінің ұқсастығы да ықпалын тигізетінін атап өтті. Қазақстан мемлекетті Сингапур мен басқа да дамыған озық елдердің көптеген әдістемелері мен тәжірибелерін алу арқылы жаңғырту жолымен келе жатыр.

Сингапурде сонымен қатар ынтымақтастықты дамытудың көптеген мәселелері мен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ірі инновациялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Премьер-Министрі Сингапурға жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарға барып, заманауи технологиялармен және инновациялармен танысты. Олардың ішінде HDB Сингапурды дамыту және тұрғын үй құрылысы кеңесінің кеңсесі, «Fusionopolis» стартап-хаб, «Biopolis» биомедициналық ғылымдар орталығы, Сингапурдың сауда және өнеркәсіп министрлігінің ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігі («А*Star»), сонымен қатар Modelfactory@SIMTech «үлгі зауыты» бар.

 null null  

Соңғы жаңалықтар