Қазақстан мен Румынияның Энергетика министрлері кездеседі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада елордада Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысы өтеді.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлм етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 6-7 қазанында Астана қаласында Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысы өтеді. Қазақстан тарапын Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Энергетика министрі Болат Ақшолақов, румын тарапын – Энергетика министрі Вирджил-Даниэль Попеску басқарады. Іс-шараға Румыния үкіметінің мүшелері, оның ішінде Румынияның Еңбек және әлеуметтік ынтымақтастық министрі Мариус-Константин Будэй қатысады», - деді ол министрлікте өткен апталық брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, комиссия отырысы барысында ведомствоаралық келісімдерге қол қою, сондай-ақ бизнес-форум өткізу жоспарланған.

«Румыния Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда серіктестерінің бірі екенін атап өткен жөн. 2021 жылы тауар айналымы 1,57 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт - 1,52 млрд долларға жетіп, ал импорт 48 млн долларды құрады. Осы жылдың алғашқы 7 айында тауар айналымы 1,25 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға артық», - деді Айбек Смадияров.



Соңғы жаңалықтар