Қазақстан мен Румыния сотталған адамдарды өзара беруді жүзеге асыратын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы енді Парламент Сенатына жолданады.

Қазақстан мен Румыния арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт 2014 жылғы 14 қарашада Бухарестте жасалған. Құжат адамдардың өз мемлекеттерiнде жазасын одан әрi өтеуi үшiн Қазақстан мен Румыния азаматтарын беру мәселелерiн реттеуге бағытталады. Бұл ретте Тараптар сотталған адамдарды беруге қатысты бiр-бiрiне барынша мүмкiн болатындай жәрдем көрсетуге мiндеттеледi. Үкiм шығарушы мемлекет немесе үкiмдi орындаушы ел азаматтарды беруге бастама жасай алады.

«Сотталған адам өзі берілетін мемлекеттің азаматы болуы керек. Сот үкімі күшіне енгені болуы тиіс. Сонымен қатар, ондай елдер арасындағы берулерге сотталғандардың өздері де келісім берулері қажет», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель. Шартта адамды беруден бас тарту негiздерi айқындалған. Сонымен бiрге, тараптардың әрқайсысы өз ұлттық заңнамаларына сәйкес кешiрiм, рақымшылық жасауды немесе жазаны жеңiлдетудi жүзеге асырады.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстан бұған дейін осындай шарттарды Әзербайжан, Түркіменстан, Украина, Қытай, Түркия, Испания, Италия секілді мемлекеттермен жасаған.

Соңғы жаңалықтар