Қазақстан мен Ресейдің орталық банктері қор жинап алды - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудегі ҚазАқпараттың арнаулы тілшісіне сұхбат берген РФ Үкімет жанындағы сарапшылық кеңестің мүшесі, «Валдай» халықаралық пікірталас клубының бағдарламалық директоры Ярослав Лисоволик ресей рублі бағамының динамикасына, оның теңгеге, Қазақстан мен ЕЭАО экономикасына ықпалына қатысты болжамымен бөлісті.

«Соңғы аптаның ішінде ресейлік рубль бағамының айтарлықтай ауытқуға жол бергенін көрдік. Дегенмен, толықтай алғанда соңғы уақыттағы ахуалды біршама позитивті деп сипаттауға болады. Рубль, доллар, еуро және өзге де валюталарға қатысты нығая түсетін сияқты», - деді Я.Лисоволик.

Оның пайымынша, рубль бағамының мұнан ары тұрақтануы байқалатын болады. Ал бұл өз кезегінде экономикалық өсімге нақты серпін береді.

«Ресей Экономикалық даму министрлігінің ресми болжамдарымен келісуге де болады. Оған сәйкес 2018 жыл бойына рубльдің құны 1 долларға 62-63 рубль шешінде болуы мүмкіншілігі жеткілікті. Бұған қоса, бүгінде байқалып отырған мұнайдың жоғары бағасын айтар болсақ, ол әлі де болса рубльге өз ықпалын тигізе алған жоқ. Меніңше, жылдың соңына дейін оның әсерін байқаймыз. Сондықтан мұнайдың бағасы осындай жоғары болып тұрған кезде рубльге құнсызданғаннан гөрі нығаюға кеңістік мол», - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол рубльдің нығаюы Қазақстанның ұлттық валютасына да оң әсерін тигізіп, еуразиялық кеңістіктегі өзара сауданы жандандыратындығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресейдің орталық банктерінде алдағы уақытта болуы мүмкін шамадан тыс құлдырауларға қарсы тұруға айтарлықтай қор жинақталған. Бұған қоса, дамушы елдердің қаржы нарықтарындағы құбылмалықтың жоғары болуына қарамастан Қазақстанда экономикалық өсімнің ішкі факторлары есебінен экономикалық өсімнің жоғары қарқынын көрсетуін жалғастыра беруге мүмкіншілігі бар», - деді Валдай» халықаралық пікірталас клубының бағдарламалық директоры.

Соңғы жаңалықтар