Қазақстан мен Ресей зымырандар ұшатын жаңа алаң туралы келісімге келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметі «Союз-2» тасымалдаушы зымырандары ұшатын жаңа алаң туралы Ресей тарапымен жасалған келісімді мақұлдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келісім «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз-2» зымырандарының бөлшектері құлайтын Қостанай облысының аумағындағы жерді Ресейдің пайдалануын реттейді.

Құжатты әзірлеу барысында ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізілген. Жұртшылықтың пікірі тыңдалған, қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша құжаттама әзірленіп, ҚР Мемлекеттік экология сараптамасының қорытындысы алынған.

«Келісім «Байқоңыр» ғарыш айлағынан коммерциялық мақсаттағы зымырандарды көбірек ұшыру мүмкіндігін береді, бұл «Байқоңыр» кешеніне оң ықпалын тигізеді. Сонымен қатар аталған жер учаскесінің пайдаланылуы жылына үш зымыран үшін 460 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақы төлеу қарастырылған. Ол қаражат Қостанай облысының Жангелдин ауданының бюджетіне жіберіледі», - дейді ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин.

Ведомствоның мәлімдеуінше, «Союз-2» тасымалдаушы зымыраны экологияға қауіпсіз жанармаймен ұшады. Келісімнің шарттары бойынша, экологиялық жағдайды тексеруге қазақстандық сарапшылар мен ұйымдар қатысады.

Автор: Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар