Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастық бағдарламасы тұжырымына қол қояды

None
None
ОМБЫ. ҚазАқпарат – Омбыда өтіп жатқан «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» атты Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экономика министрліктері Шекаралық ынтымақтастық бағдарламасы тұжырымына қол қоятынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы бағдарламада екі елдің 20 облысы қамтылатынын тілге тиек етті.

«Бағдарламаны әзірлеп, қабылдауды кешіктірудің қажеті жоқ деп санаймын. Бұл бағдарламаны, атап айтқанда, жеке жобаларды қаржыландыру құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Біз ішкі нарықты дамытуға белсене қатысатын Еуразиялық даму банкінің әлеуетін пайдалануымыз керек», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы шекаралас облыстардың инфрақұрылымдық әлеуетін кеңейту және дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.

«Қазіргі инфрақұрылым заман талабына сай емес. Трансұлттық дәліздерді, оның ішінде «Бір белдеу - бір жол» және «Солтүстік - Оңтүстік» мега-жобаларын ескере отырып, шекаралық өткелдерді жаңғырту қажет. Бүгінгі таңда бірқатар қосымша өткізу пунктілерін кеңейту және ашу қажеттігі туындады. Бізде Қытаймен мұндай тәжірибе бар. Өзбекстанмен осыған ұқсас жоба қарқынды дамып келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бұл жоба аймақтардағы экономикалық белсенділіктің катализаторы болып қана қоймай, сонымен бірге транзиттік және көліктік әлеуетті толығымен іске асыра алатынына сенім білдірді.

Еске сала кетсек, Президент бүгін «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» атты Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға ұшып келген болатын.

Соңғы жаңалықтар