Қазақстан мен Ресей өрт сөндірушілері бірлескен жаттығу өткізіп жатыр

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ресей Федерациясының Астрахань облысында трансшекаралық өрттерді сөндіруге байланысты Қазақстан-Ресей құтқарушыларының ауқымды оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Оған шекарадағы Атырау мен Астрахань облыстарының құтқарушылары тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірлескен оқу-жаттығудың мақсаты – шекаралас аумаққа қауіп төндіретін ірі табиғи өрттерді жою кезіндегі өзара іс-қимылды жетілдіру.

«Екі елдің шекаралас өңірлеріндегі өрт сөндірушілер алдында Астрахань облысы Ахтубин ауданындағы шартты өртті сөндіру міндеті тұр. Өйткені, табиғи дала өрті сол аудандағы Төменгі Басқұншақ елді мекенінің, сондай-ақ «Богдинско-Басқұншақ» мемлекеттік қорығы мен Қазақстан Республикасының аумағын қоса шарпыған. Өртте де кез келген табиғи апаттар секілді шекара жоқ. Сондықтан, табиғи апаттарға қарсы тұру, уақытылы еңсеру үшін осындай бірлескен іс-қимылдарды пысықтаудың маңызы зор», - дейді Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сәбит Битаев.

Бірлескен оқу-жаттығуларға Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің Астрахань облысы бойынша бас басқармасы мен Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 154 адам мен 41 арнайы техника тартылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол жөнделіп жатқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар