Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық ынтымақтастық деңгейін жаңа сатыға көтереді - Тоқаев

None
None
СОЧИ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық ынтымақтастық деңгейін жаңа сатыға көтереді. Бұл жайында Сочиде ресейлік әріптесі Владимир Путинмен екіжақты кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі елдің көшбасшыларының кездесуі «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының XVI жылсайынғы отырысы алаңында өтті.

Кездесу барысында Ресей Президенті осыдан бірнеше күн бұрын ғана ЕАЭО аясында жемісті жұмыстың жүргізілгендігін атап өтті.

«Сіз бен бізге осынау бірлестікті қолдау әрі одан ары дамыту бойынша шешімдер қабылдау үлесі тиіп отыр. Дегенмен, мүлдем бірегей саналатын сенім деңгейіндегі біздің мүмкіншіліктерімізге арқа сүйей отырып, біз барлық мәселелерде уағдаластыққа қол жеткізе алдық», - деді В.Путин.

Сонымен қатар В.Путин екіжақты күнтәртіптегі мәселелерді тұрақты түрде талқылап отыруға мүмкіншілік бар екендігін айтты.

«Барлығы да бүкіл бағыттарда табысты даму үстінде, тауар айналымы да лайықты. Одан ары дамуға қатысты өте жақсы жоспарымыз, дәстүрлі және жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастыққа қатысы бірлескен жобаларымыз бар. Жалпы айтқанда, тамыр бүлкілін қолда ұстап отыруымыз қажет. Салалық және министрлік деңгейдегі әріптестеріміздің де күш-жігеріне қолдау көрсетуіміз қажеттігі сөзсіз. Сіз бен біз үнемі солай жасап та келеміз», - деді ол.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті ресейлік әріптесін Сочиге шақырғаны үшін ризашылық танытып, бұл қалаға алғаш рет келіп отырғандығын айтты. В.Путиннің арқасында өмір сүруге және демалуға қолайлы қала салынғанын атап өтті. Сонымен қатар екі елдің арасындағы ынтымақтастыққа тоқталып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин негізін қалаған ырғақ пен мазмұн сақталып отырғанына назар аудартты.

«Жаңа мазмұнмен толықтыру ғана қалып отыр. Өйткені, өмір бір орнында тұрмайды. Әрине, пайда болған не болмаса бұрыннан қалған мәселерді де шешу қажет. Біз шын мәнінде стратегиялық серіктестік және одақтастық болып саналатын біздің ынтымақтастығымыздың деңгейін жаңа сатыға көтеру қажет деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар