Қазақстан мен Ресей «Бәйтерек» ғарыш кешенін ұшыруды бір жылға шегермек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл туралы Ашық НҚА сайтында жарияланған Үкіметтің қаулы-жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі ел арасындағы келісімге сәйкес «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Бәйтерек» кешенін ұшыру сынақтары 2023 жылы басталуы тиіс болатын. Енді ол бір жылға кейінге қалдырылмақ.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі орта класты зымыран-тасығышы бар «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін ұшыру сынақтарын бастауды 2024 жылы қамтамасыз етеді», - делінген ашық талқыға шығарылған Үкімет қаулысының жобасында.

Мұндай шешім әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты қабылданған.

«Хаттамаға қол қою әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты орта класты зымыран-тасығышы бар «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің ұшырылым сынақтарын бастауды 2023 жылдан 2024 жылға шегеруге мүмкіндік береді», - делінген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қол қойған құжатта.


Соңғы жаңалықтар