Қазақстан мен Польша студенттері Абайға арнап мәдени фестиваль өткізді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Абай әлемі» атты студенттердің халықаралық мәдени фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-техникалық университеті базасынан ашқан «Абай» мәдени-білім беру орталығымен бірлесіп «Абай әлемі» атты студенттердің халықаралық мәдени фестивалін өткізді. Фестивальға Қазақстандағы Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиэвич, Қазақстандағы Поляктар одағының төрағасы Екатерина Островская қатысты.

«Абай есімі тек Қазақстанда ғана емес, мұқым әлемге әйгілі. Өзім де ақын өлеңдерін оқып, көп ой түйдім. Польшада хакімге арнап ескерткіш орнатылып, Абай орталығы ашылғанына қуаныштымын. Университеттеріміз ынтымақтастықты ары қарай жалғастырады», - деді Селим Хазбиэвич.

Кездесу барысында әр тараптан екі ел арасындағы мәдени-рухани ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін бірнеше маңызды ұсыныстар айтылды.

«Қазақтың кешегісі де, бүгіні де, болашағы да Абаймен өлшенері хақ. Абай – біздің ұлттық ұранымыз, бетке ұстар кемеңгер ойшылымыз. Сондықтан 2020 жылды «Абай жылы» деп атап, ақынның туғанына 175 жыл толуын әлемдік деңгейде атап өткен едік. Осы ретте, біз Польша университеттерімен тығыз ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Онда Абай өлеңдеріне арналған поэзия кештері де өткізілуде», - деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Шара соңында Польша мен Қазақстан елдерінің атынан қатысып отырған екі университет студенттері Абай шығармаларын әлемнің бірнеше тілінде орындады.


Соңғы жаңалықтар