Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 524 млн. долларды құрап отыр

None
None
АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 524 млн. долларды құрады.

Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Польша кәсіпкерлерінің қатысуымен өтіп жатқан бизнес-форум барысында  Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Есқалиев мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары Қазақстан-Польша қарым қатынастары бойынша инвестициялық мүмкіндіктер дамып, тікелей саудалық байланыстар кеңінен қанат жая бастады. Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі саудалық әріптесінің біріне айналып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  Қазақстанның Польшамен 2009 жылдың 7 айындағы сыртқы сауда индикаторларының көрсеткіші экономикалық байланыстардың оң үрдіспен белсене түскендігін айғақтайды. Сонымен бірге, бұның өзі екі елдің тауар айналымын 2008 жылғы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2009 жылдың қаңтар-шілде айларында  қазақстан-польша тауар айналымы 524 млн. долларды құрады. Оның ішінде экспорт 342,8 млн. доллар болса, импорт 181,2 млн. долларға жетті», деді Е. Есқалиев. Вице-министр екі ел әлеуетін әлі де толық аша түсуге, ынтымақтастықты одан сайын арттыруға мүмкіндіктер бар екендігін де атап өтті. Оның айтуынша, польша тарапынан ауыл шаруашылығы саласына қатысты технологиялар, азық-түлік саласындағы маркетингтік жұмыстар, бизнесті жүргізу жүйелері үлкен қызығушылық туғызып отыр. 

Соңғы жаңалықтар