Қазақстан мен Парагвай екіжақты серіктестік мәселесін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Парагвай Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Федерико Альберто Гонсалесті қабылдады. Ол Астанаға теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің көлік және сауда мәселелеріне арналған министрлер кездесуіне қатысу үшін арнайы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзара достық қарым-қатынас жағдайында өткен кездесу барысында екі елдің теңізге шығатын жолының жоқтығына байланысты тап болып жататын өзекті деген мәселелері сөз болды. Тараптар Сирия, Солтүстік Корея, Таяу Шығыс сияқты аймақтардағы мәселелерді қоса алғанда халықаралық деңгейдегі қауіпсіздік мәселесі бойынша да пікір алмасты.

Парагвайдың сыртқы істер вице-министрі Ф.Гонсалес Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде көтерген бастамаларына, сондай-ақ Сирия бойынша Астана процесінің жұмысына жоғары баға берді.

Қ.Әбдірахманов ЭКСПО-2017 тұсында Астанада өткен Қазақстан-Парагвай Сыртқы істер министрліктерінің консультациялары саяси, экономикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша екіжақты байланыстарды нығайтып, оны одан әрі кеңейте түсуге жақсы жол салғандығын атап өтті. Тараптар визалық режимді либерализациялау, білім саласы мен өзге де бірқатар мәселелерді қоса алғанда екіжақты саяси консультациялар тетігін дамыту жұмыстарын жалғастырып, ынтымақтастықтың келісім-құқықтық базасын кеңейту сияқты мәселелер бойынша өзара келісімге келді.

Қазақстанның Сыртқы істер ведомствосының басшысы Парагваймен арада қалыптасқан позитивті диалог сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге игі ықпал ететіндігіне сенім білдіріп, Парагвай кәсіпкерлерін өздерінің бизнестерін Қазақстанда дамыту мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу үшін елге келуге шақырды.

Қ.Әбдірахманов ірі экономикалық блоктар арасындағы қарым-қатынасты дамытудың маңызды екенін айтып, Еуразиялық экономикалық одақ нарығының КАРИКОМ, МЕРКОСУР, Анд қоғамдастығы мен Латынамерикалық экономика жүйесін қоса алғанда Латын Америкасы мен Кариб бассейні мемлекеттері мен ұйымдары үшін әлеуетінің зор екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар