Қазақстан мен Өзбекстанның 2 облысы бауырлас аймақтар атанды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Өзбекстанға Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың ресми сапарының нәтижесінде Әндіжан облысымен арадағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осылайша, қарым-қатынастың маңызды бөлігіне қадам басқан екі облыс бауырлас-аймақтар деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономикасы негізінен өндірістік бағытта дамып отырған Әндіжан облысындағы бір ғана «GM-Uzbekistan» зауыты жылына 250 мыңнан астам автокөлік шығарады екен. Одан бөлек, аталған өңірде жеңіл өнеркәсіптің дамуына да баса көңіл бөлінген. Облыстың Ходжаабад ауданында 145 текстиль және тігін фабрикасы жұмыс істесе, агроөндірістік кешенінен жыл сайын 3 миллион тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек алынады.

Облыс әкімдерінің екіжақты кездесуінде сөз алған Амандық Баталов туыстас екі мемлекет Президенттерінің Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестіктің дамуына жаңаша серпін бергенін атап өтті.

«Екі елдің тығыз қарым-қатынас орнатуы ең алдымен Президенттеріміздің қажырлы қызметінің жемісі деп білемін. Соның арқасында шекара кеңінен ашылып, тауар айналымы ұлғайды.  Осыған орай біз өз тарапымыздан барлық саладағы ынтымақтастық шарттарын ұсына аламыз. Оның қатарына «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізі арқылы тауарларыңыздың молынан өтуін және жұмыс істеп тұрған өндірістік аймақтарда өндіріс орындарын ашудың мүмкіндігін жатқыза аламыз. Яғни, экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін барлық бірлескен жобаларды қолдауға дайынбыз» деді Амандық Баталов.

Өз кезегінде Әндіжан облысының әкімі Шухратбек Абдурахманов Батыс пен Шығысты байланыстырған Алматы облысының транспорт-логистикалық әлеуетіне баса назар аударып, тауар тасымалдауға қажетті мүмкіндік туралы сөз қозғады.

«Қазақстан арқылы ертедегі Ұлы Жібек жолының бойымен өтетін транспорттық дәліз біздің тауарларымыздың Азия мен Еуропа елдеріне жетуіне мүмкіндік береді. Біз осы бағыт бойынша және басқа да салаларға байланысты ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», - деді Әндіжан облысының әкімі.

Тараптар келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық пен әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов алдағы уақытта Талдықорған қаласының бір көшесіне «Әндіжан» атауының беріліп, Бабыр ханның ескерткіші орнатылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Әндіжан облысының әкімі Алматы облысына арнайы қонаққа шақырған Амандық Баталовтың ұсынысын қабыл алды.

Соңғы жаңалықтар