Қазақстан мен Өзбекстанға келген туристер үшін ортақ виза жасалмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан алдағы уақытта туристер үшін ортақ виза шығаруды көздеуде. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысында тілшілермен тілдескен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазіргі уақытта біздің мемлекеттер виза туралы келісіп жатыр. Демек, Өзбекстан аумағындағы туристер үшін берілетін виза Қазақстанда да жарамды болар еді. Бұл былайша айтқанда ортақ виза болады. Қазақстанға келген шетелдік меймандар (сол визамен - авт.) Өзбекстанға да бара алар еді», - деді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, аталған келісімге екі елдің Сыртық істер министрліктерінің құрылымдарымен туристік ынтымақтастық тұрғысында қол қойылған.

«Бүгінгі комиссия отырысының соңында осы уағдаластық аясында келісімге қол қойып, Үкіметке қаулы ұсынамыз. Әлбетте, уақыт өтіп бара жатқандықтан, біз бұл процессті тездетуіміз керек», - деді министр.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысында Қазақстан мен Өзбекстан тарапы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар