Қазақстан мен Өзбекстан Ұлттық ұландары бірлесіп жаттығулар өткізбек
29 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бастаған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының делегациясы Өзбекстан Республикасында іссапармен болды. Сапар өзбекстандық тараптың шақыруымен қызметтік-жауынгерлік әрекет бойынша тәжірибе алмасу және әр түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазақстандықтар алдымен Өзбекстан Ұлттық ұланының Орталық аппаратында болып, Қолбасшы генерал-майор Рустам Джураевпен кездесті. Жүздесу барысында бірқатар келісімдер бойынша келіссөздер өткізіліп, құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, маңызды мемлекеттік нысандар мен жүктерді күзету, екі ел арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің біріккен арнайы-тактикалық жаттығуларын, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық ұлан Әскери институтымен білім беру бағдарламасын іске асыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелері әңгіме арқауы болды.
Бұдан бөлек, Өзбекстан Ұлттық ұланының басшылығы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған әскери-үрмелі оркестрлер арасындағы халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней – 2022» фестиваліне және ҚР Ішкі істер министрінің кубоынае арналған жекпе-жек ұрыс бойынша Халықаралық турнирге қатысуға ынта танытты.