Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі мемлекет тарихындағы жаңа кезеңді бастап отыр - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сарапшы Жанат Момынқұлов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарына қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің алғашқы мемлекеттік сапарын көршілес Өзбекстанға жасауы - өңір үшін жағымды жаңалық. Орталық Азияда президенттердің алғашқы мемлекеттік сапарды өңірдегі көршілес мемлекеттен бастау дәстүрі қалыптасты. Осы арқылы екіжақты алмасулар артып, ұлтаралық қатынастар жақсарып отыр. Осы сапар кезінде Өзбекстан ақпараттық агенттігінің қазақ тілінде ақпарат тарата бастауы да - Қазақстанды жоғары бағалаудың белгісі. Бұған дейін агенттік барлық жаңалықтарды тек өзбекше және әлемнің ірі тілдерінде ғана таратып келген.

"Әрбір қадамын саралап барып жасайтын Ташкент осындай қадамға неге барып отыр? Біріншіден, цифрлық дәуірге аяқ басқан кезде Ташкент те халықаралық ақпараттық кеңістікке ашылып, өз саясаты мен жаңалықтарын сыртқа таратқысы келеді. Екіншіден, өңірлік қатынастарды көздейтін Ташкент алғашқы қадамын Қазақстаннан бастап отыр. Демек, Өзбекстан үшін қазіргі кезеңдегі ең жақын мемлекет - Қазақстан. Аталған сапар өңірлік экономика мен қауіпсіздікке аса маңыз беретін Нұр-Сұлтан үшін де аса маңызды. Үшіншіден, екіжақты ынтымақтастық үшін осындай жобалардың атқарылуы Өзбекстандағы қазақ диаспорасының өз тілінде жаңалық оқуына түрткі болады. Қазақстандық оқырман да көрші елдегі жаңалықтарды тікелей оқи алатын болады", - деп атап көрсетті Ж.Момынқұлов.

Сарапшының ойынша, Түркістан облысының қайта құрылуы да шекарааралық мәдени-экономикалық қатынастардың дамуына ықпал етеді.

"Мемлекет басшысының бұл сапары екіжақты саяси қатынастар сабақтастығының сақталып, экономикалық ықпалдастықтағы оң динамиканың дамуына бағытталды. Осылайша, соңғы жылдарда билік ауысымын жүзеге асырған көрші елдердің басшылары екі мемлекет тарихындағы жаңа кезеңді бастап отыр", - деді Ж.Момынқұлов.

Соңғы жаңалықтар