Қазақстан мен Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастықты дамытады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Өзбекстанның Олий Мажлисі Заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.   

Меморандум Қазақстан-Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастығының жаңа кезеңін ашатын тарихи құжат.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин мен Нұрдинжон Исмоилов қос ел парламентшілері арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Тараптар соңғы екі жылда Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасының қарқынды өсуін атап өтті. Екі мемлекет президенттерінің арасында қол жеткізілген уағдаластықтар жақсы тату көршілік және өзара түсіністік негізінде дамып келе жатқан сындарлы ынтымақтастықтың үлгісін толық көрсетіп отыр.

«Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен  Шавкат Мирзиёевтің көреген, салиқалы саясатының, сонымен бірге достық пейілдерінің арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте жоғары деңгейге көтерілді. Соның нәтижесінде Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мажилісі арасындағы әріптестік жыл сайын жаңа бағытта дами беретіні сөзсіз, - деді Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде Қазақстанға тұңғыш ресми сапармен келген Олий Мажлисі Заң шығару  палатасының спикері аз уақыттың ішінде еліміз дамыған мемлекеттермен иық теңестіргенін айтып өтті. Сондай-ақ Қазақстанның даму қарқынына таңданысын жасырмады. Нұрдинжон Исмоилов Қазақстан Президентін жаңа мемлекеттің, Астанадай әсем қаланың сәулетшісі деп атап,  халық үшін, өскелең жастар үшін жасап жатқан орасан еңбегіне шексіз құрметпен қарайтынын жеткізді.

Меморандум екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту мүддесінде парламентаралық ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Сонымен қатар, тараптар өздерінің құзыреті шегінде екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын кеңейтуге, мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттарды мерзімінен бұрын ратификациялауға және күшіне енуіне ықпал етеді.

 

Соңғы жаңалықтар