Қазақстан мен Өзбекстан мақта өңдеу кластерін бірлесе дамытады - Серік Жұманғарин

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан мақта өңдеу кластерін бірлесе дамытады. Бұл туралы Түркістан облысының тұрғындарымен кездескен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде қоғамда өзекті болып отырған мақта мәселесіне қатысты жағдай желтоқсан айында Өзбекстанда өтетін бинес форумда талқыланбақ. Сондай-ақ, онда Түркістанда мақта кластеріне қатысты кооперациялық жобаларды жүзеге асыру жайы күн тәртібіне қойылады.

«Мақта өнімдерін өңдеу ісінде Өзбекстан Республикасының тәжірибесі мол. Өзбекстан бүкіл мақта циклын жасаған ел. Сол себепті екі ел бірлесіп кооперациялық жобаларды Түркістанда жасайық деген ұсыныс білдірдік. Себебі, Түркістанда арнайы экономикалық аймақ бар, мақта өсіріледі, мамандар да жеткілікті. Өзбекстан жағы да біздің ұсынысқа келісті. Желтоқсан айында өтетін бизнес форумда бұл мәселе талқыланып, кооперациялық жобаларды дамыту туралы меморандумға қол қоямыз» - деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ, кездесуде Түркістан облысында жүзеге асатын өзге де жобалар туралы кеңінен сөз болды.

Министрдің айтуынша, өңірде 2025 жылға дейін облыстық балалар ауруханасын, екі перинаталдық орталық, Арыс қаласында жедел жәрдем станциясымен қалалық емхана салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік акушерлік пункт, 6 медициналық пункт, 570 орынға арналған көп бейінді аурухана бой көтермек.


Соңғы жаңалықтар