Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық алаңда бұдан ары қарай да бір-біріне қолдау көрсететін болады - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия өңірінде маңызды рөл атқаратын серіктес мемлекеттер. Бұл туралы бүгін Ақордада Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен келіссөздерден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Кеше және бүгін көп салалы мәселелер жөнінде біз келіссөздер жүргіздік. Саяси, сауда, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Елдеріміздің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеру жөнінде пікір алмастық. Өңірлік қауіпсіздікті, тұрақтылықты сақтауға негізгі жайттар әңгіменің арқауы болды. Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия өңірінде маңызды рөл атқаратын серіктес мемлекеттер екенін білесіздер»,-деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент екі елдің өзара іс-қимылы достық пен стратегиялық әріптестікке құрылғанын, Өзбекстан басшысының осы жолғы сапары мемлекеттердің ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратынына сенім артты.

«Осыдан екі жыл бұрынғы кездесуде берген тапсырмаларды тексерген кезде, екі елдің арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастың біршама ұлғайғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл кездесудің де өзіндік нәтижесі елеулі болады деп сенеміз»,-деді Н. Назарбаев.

Атап айтқанда, 2005 жылдан 2013 жыл аралығында өзара тауар айналымы төрт есеге көбейіп, 2 млрд. доллардан асып түсті. Қазақстанда өзбекстандық кәсіпкерлердің қатысуымен 118 компания жұмыс істесе, ал Өзбекстанда қазақстандықтардың қатысумен 170 компания қызмет етуде. Биылғы жылғы 9 айда тауар айналымы 1,5 млрд. доллардан асты.

Елбасы Қазақстан мен Өзбекстан бұдан кейін де халықаралық алаңдарда бір- біріне қолдау жасайтындығын қадап айтты.

Соңғы жаңалықтар