Қазақстан мен Өзбекстан Энергетикалық ынтымақтастық кеңесін құрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Өзбекстан энергетикалық саладағы ынтымақтастық бойынша Үйлестіру кеңесін құрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісімде Үйлестіру кеңесін құру көзделген. Бұл кеңес энергетика саласында екіжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелерін шешеді. Осындай кеңесті құру екі елдің қарым-қатынасын одан әрі жақсартып, мұнай өнімдері, газ, мұнай-химиясы, электр энергетикасы салаларында екіжақты сауда аясында көптеген мәселелерді кешенді түрде шешеді», - деді Қанат Бозымбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Бүгінде екі ел арасында мұнай-газ жеткізу секторындағы өзара іс-қимыл жолға қойылды. ҚР Президентінің 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі ел үкіметтері арасында энергетика саласы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде екі ел арасындағы мұнай-газ, мұнай-газ-химиясы және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық дамытылады.

Соңғы жаңалықтар