Қазақстан мен Өзбекстан энергетика саласында ынтымақтастықты нығайтуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі ел соңғы жылдары мұнай мен газ саласында айтарлықтай әлеуетті дамытты. Бүгінде мұнай-газ жеткізу секторындағы өзара іс-қимыл жолға қойылды. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі ел үкіметтері арасында энергетика саласы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде екі ел арасындағы мұнай-газ, мұнай-газ-химиясы және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық дамытылады. Көрші мемлекеттердің ынтымағы артуы үшін географиялық жағдайлар да ескерілді», - деді Энергетика министрінің міндетін атқарушы Махамбет Досмұхамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, аталған келісімді ратификациялау біраз мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мұнай экспортын ұлғайту үшін Өзбекстанға шикі мұнай жеткізу, күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның оңтүстігін табиғи газбен үздіксіз қамту мәселесі шешіледі.

Бүгінде Өзбекстанның мұнайға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2018 жылы 260 мың тоннадан астам Қазақстан мұнайы жеткізілді.

«Қазақстан алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Шағыр стансасындағы теміржол цистерналарына ауыстырып тиеу арқылы «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры бойынша жеткізіледі. Қазіргі уақытта осы бағыттағы тариф бір тонна үшін шамамен 25 АҚШ долларын құрайды», - деді ол.

Белгілі болғандай, РФ тарапы өзбек жағының сұрауына сәйкес, Өзбекстанға жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жеткізу мәселесін қарастыруда. Бұл ретте Қазақстан екі ел арасында транзиттік тарап ретінде қаралады.

«Жалпы айтқанда, Өзбекстан жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай сатып алуды жоспарлауда. Соның ішінде Қазақстаннан 2 млн, ал Ресейден 3 млн тонна сатып алуға мүдделі. Өзбекстанға 5 млн тоннаға дейін мұнайды тұрақты жеткізу үшін көлік инфрақұрылымына біршама инвестиция қажет», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар