Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің тарихын қамтитын кинотуынды түсіріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17 отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Комиссия отырысына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Өзбекстан тарапынан ӨР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов қатысуда. Отырыс соңында екі елдің билік өкілдері бірнеше келісімге қол қоятын болады.

Отырыс барысында тілшілермен тілдескен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі елдің арасында қандай мәдени байланыстар болашақта қалай өрбитіні туралы айтып берді.

«Шынында да, бүгінгі келісімдердің мағынасы өте жоғары. Неге десеңіздер, тарихи тұрғыдан алып қарағанда Ұлы Жібек жолының бойында Қазақстан мен Өзбекстан жатыр. Экономикалық, туристік, рухани байлықты жаңғырту тұрғысында қол қойылып жатқан келісімдердің маңызы өте зор. Әрине, алға қойған шараларды іске асыру үшін үлкен жұмыс атқаруымыз керек. Туризм саласында Өзбекстандағы Самарқан мен Хиуаны көргісі келген меймандар міндетті түрде біздің елдегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, Астана қаласына да келгісі келеді. Сол сияқты Қазақстанға келген туристердің де Өзбекстанды көргісі келетінін білесіз. Негізінен екі елдің тарихы бір-бірімен өте байланысты», - деді министр.

Оның айтуынша, екі елдің кино саласында бірлескен жоспарлары бар.

«Бірлескен тарихты дүниежүзіне көрсету үшін біз әрине, бірлесіп, деректі фильм түсіруіміз керек. Әлбетте, кинотуындылар екі елдің тарихын қамтитын болады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар