13:51, 15 Қараша 2021 | GMT +6
Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп «Hamkorlik-2021» оқу-жаттығуын өткізеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстанның оңтүстігінде орналасқан «Термез» өңірлік полигонында биыл 17-24 қараша аралығында Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің бірлескен оқу-жаттығуы өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірлескен маневрлердің мақсаты бірлескен тапсырмаларды шешуде бауырлас екі елдің өзара іс-қимылы мен үйлесімділік деңгейін арттыру болып табылады.
Еліміз тарапынан оқу-жаттығуға 100-ден аса әскери қызметші қатысып, Су-30СМ көпфункционалды жойғыштар буыны, С-295 әскери-көліктік ұшақтар, тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылады.
Қазақстан бөлімшелері орындайтын оқу-жауынгерлік
тапсырмаларының қатарына іздеу-барлау операцияларын жүргізу, қарсыластың тәжірибелі жасақтарын жою кезінде жауынгерлік қорғау
бөлімшелерінің іс-қимылдарын пысықтау, шабуыл жасап заңсыз қаруланған құралымдарды жою, ұрыс алаңынан жаралылар мен істен шыққан техниканы
көшіру кіреді.