Қазақстан мен Өзбекстан басшылары екі ел ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентте Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.

Өзбекстан Президентінің резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі аяқталған соң екі ел көшбасшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы ризашылығын білдіріп, барша Қазақстан халқына деген зор құрметін жеткізді.

«Осы жылды екі елдің қарым-қатынасындағы тарихи жыл деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттеріміз арасында экономиканың барлық саласы бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік байқалуда. Бұл біздің алтыншы кездесуіміз. Ол бауырлас екі ел арасындағы достық ниетті білдіреді», - деді Өзбекстан Президенті.

Шавкат Мирзиёев Қазақстанның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін және Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін жоғары деңгейде өткізуі Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті өзбек көшбасшысына сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін ризашылық білдіріп, екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ оны одан әрі кеңейтудің әлеуеті зор екенін айтты.

«Сіз аз уақыт ішінде екіжақты қарым-қатынасты табысты дамытуға зор үлес қостыңыз. Біз кездесулеріміздің арқасында көптеген түйіткілді мәселелерді шеше алдық. Біздің тіліміз, мәдениетіміз, дініміз ортақ. Сондықтан, бізде тығыз ынтымақтасудан басқа жол жоқ. Өзара іс-қимылымыз тиімді болу үшін нақты істер атқарып, бір-бірімізді қолдауымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның өңірде маңызды рөл атқаратынына ерекше тоқталып, Шавкат Мирзиёевтің екі елдің іскерлік ынтымақтастығын жандандыруға айрықша үлес қосқанын атап өтті.

«Сіз Президент лауазымындағы бір жыл ішінде көп жұмыс атқардыңыз. Сіздің валюталық реттеу, шекараны ашу, бизнесті дамыту үшін жағдай жасау жөнінде қабылдаған шешімдеріңізді тарихи шешімдер деп атауға болады. Біздің іскерлік қарым-қатынастарымыз өзара тиімді жағдайларға негізделуге тиіс», - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, әскери-өнеркәсіп және мәдени-гуманитарлық салаларындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

 

Соңғы жаңалықтар