Қазақстан мен Өзбекстан армиясы бірлескен оқу-жаттығудың соңғы кезеңін өткізді

None
None
ӨЗБЕКСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-майор Абдусалом Азизов Өзбекстанда «Ерік дала» бірлескен арнайы-тактикалық оқу-жаттығуының соңғы кезеңінің белсенді фазасына қатысты. Жаттығулар «Фориш» оқыту орталығының базасында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқулар барысында Қазақстан мен Өзбекстанның Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері арнайы барлауды жүргізу, шартты түрде таудағы қыстақта жасырынған заңсыз қаруланған топты бұғаттап, көзін жою  бойынша тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ жақындап келе жатқан резервтерді авиациямен және артиллерияның оқтарымен жою жүргізілді.



«Ерік дала» бірлескен арнайы-тактикалық оқуының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелерінің алдына қойылған міндеттер сәтті орындалды. Қазақ-өзбек бірлескен оқуларының мақсатына қол жеткізілді.

Мұндай оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп тұратыны көзделуде.

Еске салайық, бұған дейін «Ерік дала» бірлескен арнайы-тактикалық оқу-жаттығуының соңғы кезеңінің белсенді фазасы Қазақстанда өтіп, оған Өзбекстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы Абдусалом Азизов бастаған аталмыш елдің әскери делегациясы қатысқан еді.



Соңғы жаңалықтар