Қазақстан мен ОПЕК мұнай өндірісін шектеу келісімін ұзартуды талқылайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 30 қараша күні Венада өтетін ОПЕК+ елдерінің кездесуіне қатысуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде 2018 жылдың соңына дейін мұнай өндірісін шектеу туралы келісімді ұзарту мәселесі талқыланбақ.

«Егер денсаулығым мүмкіндік берсе (ауырыңқырап тұрғанын айтты), кездесуге барғым келеді. Қазақстан (келісімді ұзарту мәселесін) талқылауға ниетті», - деп жауап берді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев журналистер сұрағына.

Еске сала кетсек, мұнай экспорттаушы елдердің мұнай өндірісін шектеу туралы уағдаластығы 2018 жылғы наурыз айының соңына дейін өз күшінде. Келісімге сәйкес, ОПЕК елдері мұнай өндірісін тәулігіне 1,2 млн баррельге дейін, ал ОПЕК-ке мүшелігінен тыс мемлекеттер - 558 мың баррельге дейін қысқартуы тиіс.

Қазақстан билігі мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге дейін қысқартуға міндеттелді.

Бұған дейін Қанат Бозымбаев Қазақстанның өз міндеттемелерін атқарып келе жатқанын мәлімдеген еді. Сонымен бірге, Қазақстанның ОПЕК келісімінен біртіндеп шығып, мұнай өндірісі көлемін арттыруы да ғажап емес.  

Соңғы жаңалықтар