Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасында бірлескен комиссия құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасындағы әр саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін бірлескен арнайы комиссия құрылуы мүмкін. Тиісті келісім құжаты «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылдың 1 ақпанында Маскат қаласында жасалған ҚР Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясын құру туралы келісім бекітілсін. Комиссия тараптардың заңнамасына сәйкес, тең құқықтық және өзара пайда қағидаттары негізінде екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдем көрсетуге және тараптар арасындағы ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі іс-қимылды үйлестіруге бағытталған», - деп жазылған келісім құжатының жобасында.

Комиссия құзыретіне мына міндеттер кіреді:

- тараптар арасында өзара тиімді екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығының нәтижелерін қарау және талдау;

- екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты орнатуға және іске асыруға жәрдемдесу;

- екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығын тереңдету және одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеу;

- тараптардың заңнамасына сәйкес, екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, технологиялық, ғылыми, туристік және білім беру ынтымақтастығын дамытуға бағытталған басқа да міндеттерді орындау.

Құжатта көрсетілгендей, комиссияның жұмысын үйлестіру бағытындағы міндеттерге екі елдің Сыртқы істер министрлігі жауапты болады.

Құжат 10 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар