Қазақстан мен Мажарстан атом энергиясы бойынша маман даярлау туралы құжатқа қол қояды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жақын арада Қазақстан мен Мажарстан бірқатар ведомствоаралық құжатқа қол қояды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 26-27 қаңтарда Будапешт қаласында (Мажарстан) Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының сегізінші отырысы өтеді. Комиссияның қазақстандық жағының тең төрағасы – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ал Мажарстаннан Қаржы министрі Михай Варга болады. Комиссия отырысында Қазақстан-Мажарстан Іскерлік кеңесінің отырысын өткізу, бірқатар ведомствоаралық құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігі арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрларды даярлау әрі оқыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады», - деді А. Смадияров.

Оның айтуычнша, екі елдің өкілдері Stipendium Hungaricum мажар стипендиялық бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық мәселесін талқылайды. Осы бағдарлама аясында мажар тарапы 250 грант бөледі (110 – бакалавриат, 90 – магистратура, 30 – бакалавриат + магистратура және 20 – докторантура гранты).

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылғы 23-24 қаңтарда Ташкент қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 26-шы отырысы өтеді. Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысады.

Фото: www.greenpeace.ch


Соңғы жаңалықтар