Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда айналымы бір жылда 30 пайызға артты

None
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Мажарстанға жұмыс сапары аясында Қазақстан-Мажарстан іскерлік кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлібек Қуантыров өз сөзінде Қазақстан Мажарстанмен экономикалық қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті.

«ҚР Мажарстанды Еуропалық одақтағы маңызды перспективалық әріптес ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда елдеріміз арасында тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық байланыс қалыптасқанын сеніммен айта аламыз», - деді ол.

2022 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда көлемі 29,1% өсіп, $158,7 млн құрады.​

«Бізде ынтымақтастықты дамытудың зор әлеуеті бар. Атап айтқанда, қаржы саласында, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында, ауыл шаруашылығы, энергетика, жүк-жолаушылар әуе тасымалы, IT, экология, гуманитарлық салада айтарлықтай перспективаларды көріп отырмыз», - деді министр.​

Сондай-ақ, ҰЭМ басшысы Қазақстандағы ағымдағы экономикалық жағдай туралы айтып берді.

​«Сыртқы жағымсыз факторларға қарамастан 2022 жылы ел экономикасы 3,1%-ға өсті. Өткен жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда айналымы 34% артып, $122,2 млрд құрады», - деп нақтылады Ә.Қуантыров.

​Министр инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа жеке тоқталды.

​«Қолданыстағы заңнама шеңберінде инвесторларға мемлекеттік қолдаудың кең шаралары – салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату түріндегі преференциялар, заттай грант беріледі. 73 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Мажарстан осы елдердің қатарында. Биыл Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілет рейтингінде ТОП-43 елдің қатарына енді. Үкімет ҚР инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады. Ол инвестиция тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді», - деп қорытындылады Ұлттық экономика министрі.

Іскерлік кеңес алаңында ҰЭМ басшысы бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөз барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Мажарстанның қаржы министрі Михай Варга ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция көлемін ұлғайту және білім беруді дамыту мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ, Ә.Қуантыров Мажарстанның Экономикалық даму министрлігі өндірістік саясат және технологиялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Гергей Фабианмен кездесті.

Тараптар экономикалық реформалар, тарифтік саясат және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты пікір алмасты.


Фото: t.me/presseconomy


Соңғы жаңалықтар