Қазақстан мен Литва тікелей әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр

None
ВИЛЬНЮС. ҚазАқпарат - Вильнюс қаласында Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы Туризм жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Литва Республикасының тобын – Литва Республикасының Экономика және инновациялар вице-министрі Винцас Юргутис басқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоға сілтеме жасап.

Екі ел өкілдерінің кездесуі туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылауға арналды.

Тараптар әңгіме барысында атап өткендей, туризмдегі бірлескен қызметті одан әрі нығайту - Қазақстан мен Литваның ортақ мақсаты.

Литва тарапы 2021 жылы елге 2,5 миллион турист келгенін атап өтті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 16% артық.

Өз кезегінде қазақстандық өкілдер елімізге келушілер біртіндеп артып жатқанын хабарлады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристер саны 4,7 млн асқан.

Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3 есе артық.

Е. Еркінбаев елімізде шетелдік туристердің өсуіне саланы мемлекеттік қолдау мен цифрландырудың бұрын-соңды болмаған іс-шаралары белсенді түрде ықпал ететінін атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда туристерді тіркеу, туристік ағымды талдау және e-qonaq көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған бірыңғай ақпараттық жүйесі мен саяхатшыларға арналған kazakhstan.travel порталы жұмыс істейді.

«Порталда ақпарат 8 тілде ұсынылған. Онда оқиғалар күнтізбесі, туристік нысандар туралы тың мәліметтер, MICE бөлімі, фотобанк бөлімі, маркетплейс, туристік агенттіктердің, гидтердің, қолөнершілердің реестрі сынды бөліктер бар»,-деп толықтырды ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі.

Отырыс қорытындысы бойынша екі ел өкілдері елдер арасында тікелей әуе қатынасын ашу, туризм мақсатында Литваға кіру үшін Қазақстан азаматтарының визасыз режим жүйесімен жүруі, туристік әлеует туралы имидждік материалдарды ілгерілету мәселелерін пысықтауды жалғастыруға келісті.

Сондай-ақ, тараптар Алматы қаласының Шымбұлақ курортында Литва туризмі күндерін және Вильнюс қаласында Қазақстан туризмі күндерін өткізуді жоспарлап отыр.

Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар