Қазақстан мен Литва арасында елде болу шартын бұзған адамдарды қайтару туралы келісім мақұлданды - Мәжіліс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған келісімге, 2011 жылы 6 қазанда Астанада қол қойылған.

«Құжаттың күшіне енуі - екі елдің арасындағы жалпы азаматтық, ұлттық паспорт иелері үшін Визасыз режим орнатуға негізгі шарт болмақ. Осы құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтап, оларды елдеріне қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ Виза немесе рұқсатының уақыты өтіп кеткеннен кейін елімізде қалған адамдар жатады», - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Оның айтуынша, Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары реадмиссия үшін Қазақстанның шекарасын кесіп өту пункті болып бекітіледі. Ал Қазақстан мен Литва Республикасының Ішкі істер министрліктері осы келісімді іске асыратын құзіретті органдар болып табылады.

Тұтастай алғанда, құжатты ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Мемлекеттердің аумағында заңсыз жүрген азаматтарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды және олардың транзитін жеңілдетеді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар