Қазақстан мен Латвия транзиттік әлеуетті дамытуға мүдделі - Президент Раймондс Вейонис

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Латвия арасындағы ынтымақтастық дипломатиялық қарым қатынас орнаған 25 жыл ішінде тұрақты дамып келеді. Екі мемлекетті сауда-экономикалық бағыттағы ортақ мақсаттар да біріктіретіні анық. Бұл қос тараптың алдағы уақытта да екіжақты қатынастарды дамытуға мүдделілігін білдірсе керек. Жақында Латвия Президенті Раймондс Вейонис Астанаға сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі халықаралық конференцияға қатысқан болатын. Оның аясында мәртебелі мейман «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат берген еді.

- Құрметті Президент мырза, ең алдымен, ҚазАқпарат агенттігіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін Сізге үлкен алғыс айтамыз. Биыл Қазақстан мен Латвия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толып отыр.  Осынау ширек ғасырдың ішінде екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасы қандай жетістікке жетті? Сол туралы айтып берсеңіз.

- Менің ойымша, жыл өткен сайын Латвия мен Қазақстанның сауда-саттық қарым-қатынасы жақсарып келеді. Бұған қоса біздер үлкен әлеует барын, дамудың әлеуеті барын байқап отырмыз. Өйткені, қалай десек те, Қазақстан осы аймақта, ал Латвия Балтық теңізі аумағында өздерін өңірлік хаб болуы мүмкін ел ретінде көріп отыр. Сондықтан қос тарап та мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз әріптестікке мүдделі деген ойдамын. Біздер үшін Орталық Азияға немесе Солтүстік Еуропаға тауар жеткізу мәселесі маңызды. Ендеше бұған мүмкіндік бар, серіктестіктігімізді нығайтуға, одан әрі жалғастыруға күш салу керек.

- Латвияны Қазақстанда не қызықтырады және Латвия Қазақстанға не ұсына алады? 

- Елдер арасындағы әріптестік бірнеше жылдар бойы қалыптасып қалғандықтан, тың ұсыныстар ұсына қою оңай бола қоймас деп ойлаймын. Әйтсе де транзит саласындағы ынтымақтастығымызды дамытуды жалғастыра беру керек. Екі ел де нарығын ұлғайтып жатқан кезде бұл мәселе ерекше маңызды. Біз барлығымыз Қытай нарығына, жалпы шығысқа қызығушылық танытып отырмыз, осының өзі біздерге түрлі халықаралық жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Латвия өңірлік хаб ретінде өте маңызды рөл атқаруы мүмкін. Сосын, әрине, уақыт талабына сай қадам басу маңызды, мәселен IT саласында немесе интернет жүйесін дамытуда ынтымақтастық орнатуға мүмкіндіктеріміз баршылық.

Біз Латвияда электронды Үкіметті дамытумен жұмыс жүргізіп келеміз, яғни барлық құжаттарды электронды түрде қарауға болады. Менің ойымша, бұл - баршамызды болашағымыз. Әлбетте, осындай қадам әр түрлі технологияларды дамытуға, ақпарат пен технологиялармен алмасуға серпін береді. Бұдан бөлек, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық туралы да ешқашан ұмытпаған абзал, бұл біздің халықтарымыз үшін өте маңызды.

- Латвияда Қазақстаннан келген инвесторларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

- Менің ойымша, бұл үрдіске ең алдымен Латвияның географиялық орналасуы үлкен мүмкіндік ашып тұрған сыңайлы. Латвия - Еуроодаққа мүше мемлекет. Демек, Латвияда шығарылатын кез келген өнім - Еуроодақтың өнімі. Бұл дегеніңіз сол өнімдерді Еуропалық Одаққа мүше елдердің нарығында сата беруге болады деген сөз. Екіншіден, бізде жаңа технологиялармен және IT шешімдермен жұмыс істей алатын біліктілігі аса жоғары әрі білімді жұмысшылар күші бар. Мұның маңызы өте жоғары. Үшіншіден, Латвия басқа елдерді Еуропаның басқа бөлігімен, ең бірінші кезекте, Солтүстік Еуропамен байланыстырып тұратын ел. Бұл ынтымақтастық үшін ең басты сипаттама деп есептеймін. Бұған қоса, заңнамалық тұрғыда жұмыс күшейіп, біздің елде стартаптармен жұмыс атқаруға зор мүмкіндік пайда болып келеді. Жаңа кезең - жаңа мүмкіндіктер.

- Дәл қазір біз «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Латвия павильонын қарап шықтық. Өте әдемі павильон, көп қызықты нәрселер бар. Қазір Латвия жаңа энергетика саласында және осы ЭКСПО-да әлемге қандай тың ұсыныстарды көрсете алады?

- Расында да Латвия халқы өте белсенді, сондықтан да біздің адамдардың энергиясын ұсына аламыз. Бұл да өзара қарым-қатынасты жақсартып, қолайлы бизнес ахуал қалыптастыруға сеп болады. Сутегі паровозы сынды болашақтың технологиясы ұсынылды. Сонымен бірге, Латвия транзитті ел екенін естен шығармау керек. Көрмеге ұсынарымыз да осы.

- Президент мырза, өзіңіз білесіз, Қазақстан - көпэтникалық мемлекет. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің басынан ұлтаралық татулық пен бірлікке басымдық беріп келеді. Бұл - біздің мемлекеттің ең басты саясаты. Қазіргі таңда Латвияның шеттегі латыш диаспорасымен байланысы бар ма? Диаспорамен қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да біздің халықтың өкілдері тұрады. Латвия тарапынан әр елдердегі латыштар диаспорасымен жұмыс жүргізу бағытында арнайы саясат атқарылып жатыр. Біріншіден, қазір олар тұрып жатқан мемлекеттерде латыш тілін үйрену үшін арнайы қаражат бөлінуде. Егер өз отбасыларында толыққанды үйрене алмаса, латыш тілін меңгеру үшін жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Латвияның мәдениетін ұмытпау үшін мәдени байланысты үзбеу бағытында түрлі қолдау бағдарламаларымыз бар. Мемлекет білім беру, бизнесті дамыту сынды көмек көрсетіп жатыр.

- Президент мырза, Сіз Қазақстанға алғаш рет келіп тұрсыз. Қазақстан Республикасынан алған әсеріңіз қандай және қазақ халқына қандай тілек айтасыз?

- Менің сапарым енді ғана басталды, сондықтан толыққанды сөз қозғау әлі қиындау секілді. Бірақ, мен осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанда, Алматыда болғанмын. Әрине, одан бері мемлекеттің айтарлықтай дамып кеткені көрініп тұр. Біз бұны Астананының көркінен көріп отырмыз. Астананың дамуы Қазақстанның өркендеуіне жол ашып, халықтың бақуатты бола түсуіне септігін тигізеді. Мен Қазақстанның өркендеуі жалғаса берсін деген тілек білдіргім келеді. Қазақстан мен Латвияның арасындағы достық қарым-қатынас президенттер мен саясаткерлер деңгейінде ғана емес, кез келген қарапайым азаматтар арасында да одан ары беки түссін. Жігер беріп, қоғамның серпіле түсуіне сеп болатын адами қарым-қатынасымыз сақталсын.

- Осындай мағыналы және қызықты сұхбат бергеніңіз үшін Сізге көп рахмет.

Соңғы жаңалықтар