Қазақстан мен Қытайдың даму стратегиялары ұқсас - Сюй Шаоши

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытайдың даму стратегиялары ұқсас. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевпен өткен келіссөздер барысында ҚХР Даму және реформалар Мемлекеттік комитетінің басшысы Сюй Шаоши мәлімдеді.

«Қытай мен Қазақстанның стратегиялары бір-біріне ұқсайды. Сіздерде «Нұрлы жол», бізде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бар, сіздерде индустрияландырудың 2-ші кезеңі, ал бізде - кәсіпорындарды қайта бағдарлау бағдарламасы басталды», - деді ол.

Сюй Шаоши екі ел басшылығының арасында саяси өзара сенімнің жоғары деңгейінің қалыптасқанын атап өтті. «Біз орындаушылар ретінде басшылығымыз қойған міндеттерді жақсы орындауымыз керек», - деп түйіндеді сөзін қытайлық шенеунік.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Қытай жалпы сомасы 60 млрд. доллардан асатын 50-ден астам экономикалық жобаларды іске асыру перспективасын талқылауда.

Қазақстандық делегацияның құрамында 40 адам бар, соның ішінде ИДМ, Қазақстанның даму банкі, KEGOC, «Бірлескен химиялық компания», «KaznexInvest», «Тау-Кен Самұрық», «Қазақстан Инжиниринг», «Самұрық-Энерджи», «Бәйтерек» Ұлттық холдингі, «ҚазАвтоЖол», «ҚазАзот», «Қазақмыс» және басқа компаниялардың өкілдері болды.

Қытайлық тараптан келіссөздерге Даму және реформалар мемлекеттік комитеті, Қытай ұлттық банкі, ЭКСИМ-банк, Құрылыс бизнесі қауымдастығы және өзге де бірқатар ірі компаниялардың өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар