Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зауыттары қоршаған ортаны ластамайды – Жеңіс Қасымбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-премьер Индустриализация бағдарламасы аясында Қазақстан мен Қытайдың 55 бірлескен жобасы жоспарланғанын еске салды. Оның 15-і жүзеге асырылған және тағы бесеуі жыл соңына дейін ашылады.

«Жаңа зауыттар мен жобалар лас, экологиялық тұрғыда зиян деген қауесеттер жүр. Екіншіден, Қытайдың ескі зауыттары Қазақстанға ауыстырылады деген пікірлер бар. Ресми түрде ешқандай ескі зауыттың жоқтығын мәлімдеймін. Барлық жобаларда жаңа технологиялар қолданылады. Әр жобасы туралы санамалап айтып беруге әзірмін», - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мысал ретінде Ж. Қасымбек Қапшағайда ашылған баламалы энергия станциясын атап өтті.

«Кәсіпорын жаңа, онда жұмыс істейтін 30 адамның барлығы – Қазақстан азаматтары. Бұл – баламалы энергия, оған біртіндеп ауысатын боламыз. Жыл соңына дейін Қазақстанда жел мен күннен мыңдаған мегаватт өндіріледі. Мұндай әлемдік үрдістен тыс қала алмаймыз», - деді ол.

Вице-премьер салынып жатқан кәсіпорындардың жоғары технологиялы екенін, қоршаған ортаны ластамайтынын жеткізді. Барлық жобалар туралы ақпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму сайтында жарияланған.

Бұған дейін Премьер-Министр орынбасары Қазақстанға инвестиция салған мемлекеттер туралы баяндаған еді.

Оның айтуынша, қытайлық инвесторлар қаржыландыратын кәсіпорындардағы жұмысшылардың 95% қазақстандықтар.


Соңғы жаңалықтар