Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорындары көбейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорындары көбейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қытай халықаралық сауданы дамыту комитеті төрағасының орынбасары, Қытай павильонының комиссары Ван Цзиньжэнь ЭКСПО-да өткен семинар барысында мәлім етті.

«Осыдан төрт жыл бұрын, 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Астанадағы Назарбаев Университетінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Жібек жолы экономикалық белдеуі туралы алғаш рет бастама көтерді. Сол жылы 3 қазанда ҚХР Төрағасы Индонезияда сөйлеген сөзінде Теңіз Жібек жолы стратегиясын құруды ұсынды. Осылайша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізі қаланды. Бүгін төртжылдық жұмысты кішігірім қорытындылау үшін ЭКСПО-2017-дегі Қытай павильонына жиналып отырмыз», - деді ол.

Павильон коммисарының айтуынша, Қазақстан - «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының отаны және оған қолдау білдірген алғашқы мемлекет.

«ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға барған сапарында ҚР Президентімен «Бір белдеу, бір жол» және қазақстандық «Нұрлы жол» стратегияларын үйлестіру туралы келісімге келді. Ал 2016 жылы Қазақстан мен Қытайдың премьер-министрлері бірлескен ынтымақтастық туралы келісімді бекітті. Осылайша, стратегия аясында Қазақстан мен Қытай түрлі салалар мен даму бағыттары бойынша бәтуаластыққа қол жеткізіп, екі ел кәсіпорындары үшін жаңа бизнес-мүмкіндіктерге жол ашты», - дейді Ван Цзиньжэнь.

Қытайлық комитет өкілі келтірген деректерге сәйкес, 2016 жылы бірлескен қазақ-қытай кәсіпорындарының саны 668-ді құраған. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 35 пайызға көп. Сондай-ақ, стратегия аясында CNPC секілді танымал қытайлық компаниялар Қазақстанда өз өкілдіктерін ашу мүмкіндігіне ие болған.

Бірлескен қазақ-қытай жобаларын жүзеге асыру аясында қазақстандық-қытайлық компаниялар 27 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауар айналымына қол жеткізді.

2015 жылы Қытай Қазақстан арқылы өтетін жүрдек  пойызын іске қосты. Қазіргі уақытта дәл осы пойыз арқылы тасымалданатын тауар айналымының көлемі 8 млн тоннадан асады. 2017 жылдың ақпан айында алғаш рет Қазақстанның бидайы Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспортталды.

Сонымен бірге, комиссар ЭКСПО-2017 көрмесінің мүмкіндіктерін пайдаланып, екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты жандандыра түсуді ұсынды.

«ЭКСПО-2017 - Орталық Азияда өткізілген алғашқы көрме. Оған Қытай мен Қазақстан басшылығы ерекше мән береді. 8 маусым күні ҚХР Төрағасы мен ҚР Президенті Қытай павильонына барып, 6 млрд АҚШ доллары болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қытай павильоны үш айда 23 апталық өткізіп, өз аймақтарын таныстырды. Аталған шаралар барысында 60-тан астам келісім мен меморандумдар бекітіліп, ынтымақтастық нығая түсті», - деп түйіндеді сөзін Ван Цзиньчжэнь.

Соңғы жаңалықтар