Қазақстан мен Қытай салық саясатын талқылауға кірісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Әріптестік: кеден, салық пен бизнес» тақырыбында xалықаралық форум басталды. Негізгі мақсат - «Бір белдеу - бір жол» бастамасы аясында салық саясатын бір жүйеге келтіру, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумның пленарлық мәжілісін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев ашты.

Оның айтуынша, Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» бастамасын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен шебер үндестірудің нәтижесінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін көтеруге болады. Біраз жобаларды іске асырып, жүк айналымын арттыруға мүмкіндік бар.

«Биыл Қазақстанның жаңа Кеден кодексі заңды күшіне енді. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қабылданды. Аталған құжаттарда салық пен кеден саласындағы бұған дейінгі барлық тәжірибеміз ескерілді. Бәріңіз жақсы білесіздер, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанаға «Бір белдеу - бір жол» бастамасын жариялаған болатын. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қолға алды.
null 

Аталған бағдарлама еліміздің инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Бізде мұxитқа шығатын жол жоқ. Сол себепті өзіміздің транизиттік әлеуетімізді барынша пайдалануымыз қажет. Алдағы уақытта көлік пен логистиканы дамыту жобаларына қыруар қаржы бөлінеді. Демек, өзара сауда-саттық пен транзиттің көлемі артады. Осыған байланысты қазірден бастап салық пен кеден саласындағы мәселелерді пысықтап алғанымыз жөн», - деп атап көрсетті Е.Досаев.

Айта кетейік, Астанадағы форумға Бүкіләлемдік кеден ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Қытайдың мемлекеттік салық салу басқармасы, Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті, сондай-ақ осы саланың сарапшылары қатысуда. Үш күндік мәжіліс кезінде трансшекаралық сауда мен инвестициялар мәселесі, салық саласындағы заңнаманы дұрыс пайдаланбау және одан туындайтын проблемалар, салық төлеушілерге сапалы қызмет көрсету, олардың құқықтарын қорғау, осы саладағы делдалдық қызмет және басқа да өзекті мәселелер талқыланады.

null

Соңғы жаңалықтар