Қазақстан мен Қытай халқы бір-бірінің мәдениетін құрметтейді – Димаш CCTV13-ке сұхбат берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Димаш Құдайберген Қытайдың тәулік бойы ақпарат тарататын CCTV13 телеарнасына сұхбат берді. Бұл туралы әншінің Еуразиялық фан-клубы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездескенде біз менің музыкам туралы сөйлестік. Ол даусыма және әндеріме жоғары бағасын берді. Бұл – мен үшін жоғары мәртебе. Қазақстан мен Қытай халқы бір-бірінің мәдениетін құрметтейді. Қос ел сыйластықпен бірлесе дами алады», - деп ой бөліседі әнші сұхбат барысында.

Әңгіме Димаш Құдайбергеннің Қытайдың танымал әртістерімен қатар осы елдегі жаңа жыл мерекесіне арналған фестивальде өнер көрсеткені туралы өрбиді. Оған қазақстандық әнші Ұлы Жібек жолы бойындағы елдің өкілі ретінде қатысқан.

«Мен Көктемгі фестивальдің гала-қойылымына алғаш қатысқанымда 23 жаста едім, қазір 29-ға келіп қалдым. Сол кездегі фестиваль әлі есімде. Біз бірнеше апта дайындалдық. CCTV мамандарының кәсібилігін және түсіру тобының гала-қойылым көрермендері алдындағы жауапкершілігін көрдім», - дейді Димаш.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Димаш Құдайберген Қытайдың CCTV орталық телеарнасында өткен «Spring gala festival 2023» эфиріне қатысты.

Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash


Соңғы жаңалықтар