Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады (ФОТО)

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытай астанасында қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық комитетінің энергетика саласындағы ынтымақтастығы бойынша кіші комитетінің 8-ші отырысы аяқталды. Оның қорытындыларының нәтижесінде хаттамаға ҚР Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мен Даму және реформалар комитеті төрағасының орынбасары - ҚХР мемлекеттік энергетикалық басқармасының төрағасы У.Синьсюн қол қойды.

«Келіссөздер барысында бұған дейінгі 7-ші отырыста қабылданған шешімдерді іске асыру қорытындылары шығарылып, болашақ ынтымақтастықтың жоспарлары белгіленген. Бұл - мұнай-газ кен орындарын игеру мен барлау, көмірсутектерін тасымалдау, соның ішінде Батыс Қазақстаннан Қытайға баратын мұнай құбырын кеңейту», - деді тілшілерге берген сұхбатында энергетика саласындағы ынтымақтастық бойынша қазақстандық-қытайлық кіші комитеттің тең төрағасы, ҚР Энергетика министрілігінің бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин.

Оның айтуынша, отырыста сондай-ақ атом өнеркәсібіндегі бірлескен жобаларды дамыту мәселелері, соның ішінде уран шикізатын сату көлемін кеңейту мәселесі ортаға салынды. «Жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастық бойынша жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу алдында маңызды мәселе болып табылады», - деп атап өтті ол. «Қытайлық тарап жаңартылатын энергия көздері саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізді, сондықтан бұл технологиялардың қарапайым трансферті осы бағытта «мен сияқты жаса» принципі бойынша қадам жасау түрінде жеткілікті әрі тиімді болмақ», - деп түйіндеді Ұ.Қарабалин. Отырысқа ҚР Энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Азия газ құбыры» ЖШС, ҚР-ның Қытайдағы Елшілігінің өкілдері қатысты. Қытайлық тараптан СІМ-нің басшылығындағы қызметкерлер, Мемлекеттік энергетика басқармасы, Қытай даму банкі, ҚХР Эксимбанкі, CNPC, Sinopec, Қытай ұлттық ядролық бірлестігі (CNNC), Қытай Гуандун ядролық-энергетикалық бірлестігі (CGNPC), «Гуанхуэй» Шыңжаң мұнай компаниясы, «Датан групп», «Чжэньхуа» өкілдері және т.б. қатысты.

Соңғы жаңалықтар