Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген фильм әлемдік прокатқа шығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйек айында Қазақстан мен Қытай кинематографистерінің тұңғыш бірлескен жобасы  - «Композитор» фильмі әлемдік прокатқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы  ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халыққа есеп беру кездесуінде мәлім етті.

"Жақында ғана екі ел басшыларына фильмнің трейлерін көрсеттік. Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев фильмді жоғары бағалады және шығармашылық ұжымға алғыс айтты. Қыркүйек айында "Композитор" фильмі әлемдік прокатқа шығады", - деді министр.

Фильмде дарынды композиторлар Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы достығы көрініс табады. Бақытжан Байқадамовтың рөлін Қазақстанның танымал актері Берік Айтжанов, ал Си Синхайды Қытайдың беделді актері Ху Джун сомдаған. Сондай-ақ, түсірілімге Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова сынды қазақстандық актрисалар қатысқан.

"Біз үшін халықаралық кинонарыққа шығу өте маңызды. Бұған дейін қазақстандық фильмдер кинофестивальдер мен арнайы көрсетілімдерде, қазақстандық кино күндерінде ғана халыққа жол тартатын. Дербес прокатқа шығарылған жоқ. Сондықтан, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты елдермен бірлесіп өнім шығару арқылы ұлттық киномызды халықаралық деңгейге шығарғымыз келеді", - деп сөзін түйіндеді министр.

Соңғы жаңалықтар